«Кальмар ойыны»: қатері бары қаперде болсын

Бүгінгі таңда адамзат баласын алдауға арбап, шырмауға түсірген талай жобалардың жүзеге асырылып жатқанына куә болудамыз. Әсіресе, жұрттың бәрі ғаламторға жаппай тәуелді болған пандемия тұсында «мысыққа ойын, тышқанға өлім» керек болған тәрізді. Оған осыдан бір ай бұрын ғана әлемдік премьерасы өткен «Кальмар ойыны» сериалын атап өтсек, жетіп жатыр. Кәрі-жас біткенді өзіне «баурап алған» бұл не құдірет соншама? Дүниені дүр сілкіндірген хикаяның қандай сиқыры бар?
Ашық дереккөздерге сүйенсек, «Кальмар ойыны» – шытырман оқиғалы атыс-шабыс, триллер мен драма, кейіпкерлері аман қалу үшін жанталасқа түсетін, қанқұйлы экшн жанрындағы оңтүстік кореялық веб-сериал. Режиссері әрі сценарий авторы – Хван Доң Хёк. Тоғыз бөлімді сериал ақшаның мұқтаждығына байланысты тірі қалу үшін құпия ойынға қатысуға шақырту алған адамдар тобы жайлы баяндайды. 2021 жылдың 17 қыркүйегінде Netflix платформасында телехикаяның әлемдік тұсаукесері өтті. Бұл шытырман оқиғалы туындыны түсіру осыдан 13 жыл бұрын жоспарланған көрінеді.
Қорқыныш, жауыздық, қантөгіс. Сериал сахнасы дәл осы үш нәрсені негізге алған. Алайда, жасырынған мән мен шымыр шындықты байқамай қалу мүмкін емес. Ойын ойнау арқылы 38,5 млн АҚШ долларын ұтып аласың. Иә, сериалдың мәреге жететін тұсы – осы. Өмірде қарызға белшесінен батқан 456 адам ешкім білмейтін, жұмбақ ойынға қатысуға шақырту алады. Берешекке белшесінен батып, қанша тырысса да, құтыла алмай жүрген әлгі 456 адам ақыры ақша арбасына оңай алданып қалады.
Басты рөлдерде – қартайған шал, сауатты азамат, бақытсыз әке, қараусыз қыз, сәбиі бар ана, қатігез еркек. Әртүрлі жас шамасындағы адамдарды кейіпкер қылып алудың да өз себебі бар. Маңдайға жазылатын қиындық жас талғамайды. Тек адалдықпен, түзу жолмен төтеп бере білу керек. Ойыншылар келісім шартқа қол қойып, алғашқы «жасыл түс-қызыл түс ойынынан» бастайды. «Қызыл түс-жасыл түс» ойыны әлемнің көптеген мемлекетінде, әсіресе балалар арасында кеңінен танымал. Жасыл түс дегенде алға қарай жылжып, қызыл түс дегенде қатып қалуың керек. Кім қимылдайды – өмірімен қош айтысады. Ойынның өмірге алмасатынын білмеген қатысушылар шу көтеріп, ойын алаңынан қашуды көздейді. Дегенмен, қашуға тырысқан барлық адам өледі. Келесі кезеңге өткендер ойыннан бас тартып, қайта қалыпты өмірлеріне оралады. Бірақ саналарында 38,5 млн доллар тағы тұр. Шынайы өмірлері ойын алаңынан еш айырмасы жоқ екенін түскен қатысушылар қайтадан оралады.
Осылайша, екінші, үшінші, төртінші, бесінші кезеңнен өткендер финалға жетеді. Олар – Ки Хун, Сан У, Саэ-Пек үшеуі ғана. Бойжеткен жаралы. Мұны білген Ки Хун оған көмек қолын созудың бар амалын жасайды. Алайда қасындағы Сан У оны пышақтап өлтіріп тастайды. Өткен алты ойын барысында қатысушылар өлген сайын, құтыдағы ақша саны көбейіп отырды. Мұны білген қатысушылар жауыздықпен бір-бірін өлтіруге дейін барды. Ең соңғы ойын «Кальмар ойыны».
Ки Хун жеңіске жетіп, қалыпты өмірге оралады. Үйіне барса, анасының қайтыс болғанын көреді. Өмірін ойынға тігіп, жеңген ақшасына мүлде тиіспейді. Ар азабын тартып жүргені айқын еді. Бақандай 455 адам ажал құшты. Бәрінің арманы ақша еді. Алайда жеңіл жолмен жолыққан ақшаның құны болмайтыны белгілі…
Бұл ойын алаңын кім құрды, адамдардың барлығын кім жинады, ұйымдастырушы кім? деген сұрақтар легі сериал соңына дейін барлық көрерменді мазалады. Жоғарыда айтып өткендей, басты рөлде қартайған шал болатын. Ол 4-ші ойында жұбынан жеңіліп, келесі кезеңге өтпеді. Ойымызда жүрген шиеленіскен сауалдардың жауабы – осы қарияда.
Сериалды көруге кіріспес бұрын «Кальмар ойындарында» қантөгіс сахналары көп екенін естен шығармаңыздар. Қан, жауыздық пен қорқынышты сахналарды жаны сүйетін және қарай алатын жандарға ғана көруді ұсынамыз. Сериал трейлерінде қатыгездік пен жауыздыққа толы сахналардың аз ғана бөлігі көрсетіледі. Ал сериалдағы ойын кезінде одан көп қан төгіледі.
Негізінен ересектерге арналған бұл туындыны қазірдің өзінде бала біткен көріп үлгерді десек, артық айтпаймыз. «Кальмар ойыны» балалар психикасы үшін аса қауіпті. Қазақстанда ғана емес, әлем елдерінің психолог мамандары дабыл қаға бастады. Өйткені, телехикаяны бастауыш сынып оқушыларына дейін көріп қана қоймай, ондағы ойындарды мектепте қайталап жүрген көрінеді. Бұл балалардың болашағына қауіп төндіруі мүмкін. Баланың ойыны деп айтады, бірақ атыс-шабыс, адам өлтіру баланың ойыны ма? Бұл адамның, баланың санасын улайтын, ертеңгі күні жалпы халқымызға дерт болатын қауіпті дүние. Қауіпті дейтініміз, бұл бірінші кезекте бейсаналы түрде адамның жан дүниесіне енеді. Және жас буынның өсе келе осындай қадамдар жасамасына кім кепіл? Өйткені «Кальмар ойыны» сериалынан кейін балалар ондағы көріністерді есік аулаларында қайталап жүргені туралы ғаламторда видеолар тарап жатыр. Ола үшін адам өлтіру ойыншық тәрізді.
Ең сорақысы, «Кальмар ойыны» кейінгі буынның суицид жасауына себепші болуы мүмкін. Мамандар осы жағына қатты алаңдап отыр. Аз уақытта көпшілкке танымал болған жобаның негізінде әлеуметтік желілерде түрлі хэштегтермен миллиардтаған видео тарап кетті.
Ал осы жайтқа қатысты мамандарымыз не дейді, назар сала отырайық. ҚР Білім және ғылым министрлігі «Кальмар ойыны» сериалының қазақстандық оқушыларға әсері туралы түсініктеме берді. Бұл жайында ведомствоның ресми сайты хабарлап отыр. Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Каринова ата-аналар мен мектеп балаларға пайдалы ақпаратты теріс ақпараттан ажырату дағдыларын үйрету керектігін атап өтті. Сериал 18 жасқа толмағандарға көруге ұсынылмайды.
«Бұл сериал қазақстандық өнім емес және белгілі бір шектеулері бар. Сериал 18 жастан асқан ересек адамдарға көруге арналған. Сондықтан ата-аналар мен мектептер бұл мәселеге назар аударулары керек. Балалардың психикасы енді ғана қалыптасып келе жатқанда кез келген ақпаратты ата-аналар да, мектеп мұғалімдері де өз бақылауында ұстауы қажет. Тәлім-тәрбие тұрғысынан біз осы фильмдегі шектеулерге назар аудару керектігін есте ұстауымыз керек», – деді Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Каринова.
Сондай-ақ ол биылдан бастап барлық білім беру ұйымында таңдау бойынша «Жаһандық құзыреттілік» курсы енгізіліп жатқанын хабарлады. Ол балалардың сыни ойлау, эмоционалды интеллектін дамытуға бағытталған. Оқушылар ақпаратты дұрыс қабылдауға үйренетін болады.
Жалпы, Netflix стриминг компаниясы аталған сериалды шығаруға бас-аяғы 21,4 миллион, яғни, бір эпизод үшін 2,4 миллион доллар жұмсаған екен. Bloomberg жариялаған америкалық ағындық қызметінің құжаттарына сәйкес, платформа «Кальмар ойыны» телехикаясынан шамамен 900 миллион доллар табуды жоспарлап отыр. «Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы» деген осы болар, бұл қойылымды жарыққа шығарған авторлардың адам өмірімен, болашақ ұрпақ қамымен шаруасы болмағаны ғой. Ең бастысы, мұндай қауіпке алдымен сіз бен біз болып тосқауыл болғанымыз абзал. Бұған дейінгі осындай талай ойындардың құрбаны болған қайғылы оқиғалар сабақ болса дейміз.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓