Сөзімізден ісіміз озық болуы тиіс

Бүгін Президентіміз Қ.Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысын бастан-аяқ тамашаладық. Көкейге қонар көп мәселе қозғалды. Жалпы, еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан-ақ тұрақтылық пен келісімді орнықтыуға Ассамблеяның тигізген ықпалы зор болды, татулық тұғырынан түскен жоқ. Жаңа кезеңде де бұл үрдіс заңды жалғасын таба беруі тиіс. Өйткені бұл біздің қоғамның ең басты қажеттілігі. 
Осы ретте мен өзімнің бірнеше ұсынысыммен бөліссем деймін. Біріншіден, 2008 жылы 20 қазанда қабылданған заңда қазақ халқының эносаралық, конфессияаралық бірлікті, тіл, дін, патриотизм ұғымдарын ұйыстырушы кіндікті ұлт болуы тиіс екені анық айтылды. Бұл мемлекет құраушы ұлттың басты жауапты екенін көрсетеді. Бізге тарих үлкен жауапкершілік артып отыр. Бірақ біз соны ескере бермейтін, басшылыққа ала қоймайтын секілдіміз. Заңда жазылған дүние неге қаперден тыс қалуы керек? Осы мәселе мазалайды, көп айтылып-жазылмайды. Бұл мәселені қолға алу керек-ақ. Екіншіден, Президент өз сөзінде азаматтық қоғамды қолдау бағытында тұшымды ойлар айтты. Дегенмен, осы жақсы ұсыныстарға мынадай пікір қосар едім: қазір елде саны көп қоғамдық институтттар қандай саламен шұғылданса да мемлекеттік тілді білу талабы қойылуы қажет. Үшіншіден, төл тарихымызды насихаттауда мәтіндер адамдардың жас ерекшеліктеріне қарай жасалуы керек. Кемінде үш деңгейлі мәтін болса құба-құп. Оның үстіне, төл тарихымыз орыс тілінде де жазылып отыруы тиіс. Төртіншіден, этонстардың әлеуметтік-мәдени оқшаулануына қарсы шаралар қабылдау туралы түйткіл көтерілді. Өте дұрыс мәселе. Бір елде, бір шаңырақ астында тірлік кешіп отырған ұлт пен ұлыс шоғырлана түсуі тиіс Кезінде "Қазақтану" атты ғылыми-ағартушылық жоба басталып еді. Өкініштісі, бірер жыл бұрын тоқтап қалды. Бұл бізді өзара біріктіре түсуге ықпалы тиердей жақсы жоба еді. Мұны қайта қолға алу керек деп есептеймін. Тағы бір назар саларлық мәселе, қазақ ұлтының қандай да бір дәстүрлі іс-шараларына басқа этнос өкілдері көп қатыса қоймайды. Бұл да жөнге келтіруге сұранып тұрған жайт. Мұның сыртында, көптілділік тұрғысында ой қосқым келеді. Әрине, бұның жаман жері жоқ, заман талабы ғой. Бірақ балабақшадан басталған қазақ тілін неге 4-сыныпқа дейін әкелмеске? Білім беру мекемесіндегі тәлім-тәрбиені қазақ тілінен бастап сіңірген ұрпағымыз олқы болып өспес еді. Ойымды өзім ұдайы сөз етіп жүрген дүниемен түйіндейін: патриотизм мәселесі күн тәртібінен еш уақыт түспеуі керек. Патриоттық жастар форумын, әлде съезін өткізіп, неге ілкімді бір бағдарлама қабылдамасқа? Патриотизм министрлігін құрса да артық болмас еді. Айта берсеңіз, атқаруды қажет етер іс көп. Ең бастысы, сөзден ісіміз озық болуы тиіс.
Қалқаман Жақып,
А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ профессоры,
Философия ғылымдарының кандидаты,
ҚХА республикалық мүшесі
 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓