Татулық бастауында

Елімізде 18 конфессияға қарасты үш мың сегіз жүзден астам діни бірлестік бар. Бұл біздің халқымыздың толеранттылығы мен даналығы, қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді нығайтуға, түрлі діни конфессиялар мен мемлекет арасындағы сындарлы диалогты қолдауға бағытталған дәйекті мемлекеттік саясаттың арқасы. Олар өңірдің қалыптасуы мен дамуына, қоғамымыздағы тұрақтылық пен келісімнің нығаюына өз үлестерін қосуда, қайырымдылық қызметпен белсенді айналысуда, мұқтаж жандарға көмек көрсетіп, қолдау жасауда.
Руханилық, адамгершілік пен толеранттылықты бейнелейтін, бірлік, мейірімділік және өзара түсіністікті арттыратын Рухани келісім күні қарсаңында аймақ әкімдігі мен дін саласы басшылары арасында ашық диалог өтті.
 — Біздің басқосуымыз Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында өтуде. Қостанайлықтар, оның ішінде діни бірлестіктердің өкілдері егемендігіміздің қалыптасуы мен нығаюына, мемлекетіміздің экономикасы мен әлеуметтік саласының дамуына өз үлестерін қосып келеді. Рухани келісім күнінің басты арқауы – республикада конфессияаралық және ұлтаралық келісімді сақтау. Билік пен діни бірлестіктер ел тыныштығы, пандемия салдары қатарлы қоғамға қатер осынау бір жауапкершілігі ауыр кезеңде ортақ тізе біріктірді. Оның айғағы – былтырдан бері елде карантин жарияланғаннан діни ұйымдар халыққа көмек көрсетуден аянған жоқ. Осы құндылықтар мемлекетіміздің тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі болып табылады, ал түрлі конфессияларға құрметпен қарау – Қазақстан қоғамының аса маңызды негіздерінің бірі, — деді облыс әкімінің орынбасары Бақыт Есімова құттықтау сөзінде.
Біздің аймағымызда 10 конфессияға қарасты 105 діни бірлестік қызмет етеді. Өңірде ашық діни қақтығыстар мен қайшылықтар жоқ. Мұны  жыл сайын жүргізілетін "Қостанай облысындағы діни ахуалдың мониторингі" әлеуметтік зерттеулерінің нәтижелері растайды.
 — Осыған сәйкес облыс халқының басым көпшілігі (96,1%,) конфессияаралық қатынастарды бейбіт және тыныш деп бағалайды, конфессияаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты толық қолдайды (жауап бергендердің 84,4%). Алайда 2020 жыл өте қиын болды. Ковид әдеттегі өмір салтымызды өзгертті. Инфекцияның таралуына байланысты ұжымдық сипаттағы барлық іс-шаралар, соның ішінде діни іс-шараларға шектеу қойылды. Қалыптасқан жағдайға түсіністікпен қарап, барлық карантиндік шараларды сақтай отырып, діни ордаларға келушілердің денсаулығын сақтау үшін күш-жігерін жұмсаған біздің өңірдің діни ұйымдарына ерекше алғысымды білдіремін, — деді облыстық дін істері жөніндегі басқарманың басшысы Жанболат Үмбетов.
Бұл күні жергілікті билік пен мұсылман, православ, католиктер және сенушілерін ерткен өзге де бірлестіктердің басын қосқан тағы бір шара – Қостанайдың триатлон паркі аумағындағы аллеяда ағаш егу рәсімі. Акцияға дін істері басқармасы ұйытқы болып отыр. Барлығы бірігіп терек пен қайыңның жас өскіндерін отырғызды. Шара соңында бастамашыл топ бұл аллеяға «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» атауын беру туралы ұсынысымен тарқасты.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ
            Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓