Жас қаламгерлер қандай кітап оқиды?

«Кітап маған тақтан да қымбат» депті ағылшынның ұлы драматургы Уильям Шекспир. ХХІ ғасыр – ақпараттық технологияның қарыштап дамып, биіктеген, өркендеген заманы. Жаңалықтарды жаңалықтар әп сәтте ескіртіп жатыр. Ақпараттар ағынынан санасы "ықылық атқан" жаңа ұрпақты қандай сын-тегеурінмен бетпе-бет келді? Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен кеткен жоқ па? Аға буын өкілдері сұхбаттарында осы сұрақтарды көп қояды, "қазіргі жастар кітап оқымайды" деген сөзді жиі айтады. Енді, бұл шындық. Жастардың басым көпшілігінің таңның атысы мен кештің батысы смартфонға телмірумен уақыт өткізіп жүргені жасырын емес. Ал басқасын былай қойғанда, жас қаламгерлер кітап оқи ма? Кімдерді оқып жүр? Осы сұрақтарды қаламы енді қалыптасып келе жатқан бір топ жас ақынға қойған едік. Сан түрлі, әр қилы жауап естідік. 
     Нұршат ТҰРСЫНХАН,
     БҚО Бөкей ордасы, М. Өтемісов атындағы БҚУдың студенті,18 жаста:
—Әдебиет әлемін үлкен бір орман деп алатын болсақ, ол орманда тамырын тереңге жайған биік-биік бәйтеректер бар. Одан бөлек енді ғана бой түзеп өсіп келе жатқан өрімталдар да бар. Әрине, бұлар әдебиетке енді қадам басып, еніп жатқан өзім секілді жас буындар ғой. Өзім қазіргі таңда тағдыры жұмбақ, тылсымға толы, ғайып болып әлі күнге дейін хабарсыз кеткен Әділ Ботпанов деген ақынның «Өмірзая» кітабын оқып жүрмін. Өлеңдері оқыған адамның ішкі жан дүниесіне, жүрегіне рентген сәулелеріндей тарап, кіршіксіз тазалықты іздейтіндей. Пенденің ішкі әлеміндегі дақты сылып тастайтындай қуатты. Ақын деген атты арқалап жүргеннен кейін барлығымыз да Абайға соқпай кетпейміз. Мен де сол дана ақынның өлеңдерін жиі қайталап, көбірек оқып тұруға тырысамын. Мұқағали Мақатаев, Есенғали Раушанов, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Ақберен Елгезектерді оқимын. Сондай-ақ, Тұманбай Молдағалиев, Ұлықбек Есдәулетов ағаларымызды сүйіп, сүйсіне оқитынымды да айта кетейін. Кейінгі толқындардан Жадыра Байбұланова, Әділет Орынбасаров шығармашылығы ұнайды.
    Ақкенже ОРАЗБЕК,
    Алматы қаласы, «Ымырттағы сәуле» жыр жинағының авторы, 20 жаста:
— Жүрегінің түбінде кітапқа деген үлкен махаббаты бар кез келген адам оқу-ізденуден талмайды. Кітап – шығармашылыққа бет бұрған жас қаламгер үшін тұлға болып қалыптасу жолындағы басты құрал. Әр оқырманның өзіндік талғамы бар. Жеке өзіме келер болсақ, психологиялық тұрғыда әсер беретін, адамның өмірді тануда, түсінуде көп көмегін тигізетін кітаптарды оқимын. Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов, Оралхан Бөкей, Әзілхан Нұршайықов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Кемел Тоқаев, Сәкен Жүнісов сынды классиктерді және соңғы уақытта мотивациялық кітаптарды, оның ішінде Ник Вуйчич, Дейл Карнеги сынды жазушыларды оқып жүрмін. Бірақ, бір өкініштісі, кейбір  ТМД елдерінің, түрік жазушыларының кітаптары қолға түсе бермейді.
Дәурен ТІЛЕУХАН,
    Ақтөбе қаласы, ХҚТУ-дің студенті, Qalamger.kz әдебитанымдық порталының бас редакторының орынбасары, 20 жаста:
— Таным көкжиегімді кеңейту үшін, ұнатып, сүйіп оқитын кітаптарым көп емес. Мен әлі жаспын. Оқығаным аз. Жалпы, оқыған кітаптарымның ішінде, саралап, жаныма жақын сезінген, әсіресе әлем әдебиетінен жиырмасыншы ғасырдың орта тұсында экзистенциализм деген бағыт қалыптасты, өмірдің мәні, ғаламның мәні — адамның болмысын танудан басталады деген концепция сияқты. Сол кезең де жаңашыл қырымен танылған жазушы Альбер Камюдің шығармалары ұнайды. Ал ертерек ғұмыр кешкен классиктердің ішінде Оноре де Бальзак, оның «Шегірен былғары» деген романы және жалғыз ғана роман жазған Оскар Уайльдтің «Дориан Грейдің портреті» сүйікті романым. Қазіргі таңда Франсуа Мориактің әңгімелерімен, новеллаларын оқып жүрмін. Өзіміздің қазақ әдебиетіне тоқталар болсам, Дулат Исабековтің «Қарғын» романы, Төлен Әбдіковтің кез келген шығармалары, мысалға «Оң қол», «Ақиқат», «Парасат майданы», «Тозақ оттары жымыңдайды» туындылары ерекше ұнайды. «Қазақ әдебиетінде ең үздік үш жазушыны ата» деген сауал қойылса, жеке өзімнің оқырман ретіндегі пікірім, сөзсіз заңғар жазушы Мұхтар Әуезовті, сұлу сөздің патшасы Оралхан Бөкейді және «Аңыздың ақыры» деген керемет туындыны жазған Әбіш Кекілбаевты атар едім. Ал енді жас жазушыларға келер болсақ, өзімнің досым Әлихан Жақсылық өте жақсы және шебер жазады. Шығармаларында жаңашыл ойлар мен сырлы сезімдер бар. Досхан Жылқыбайдың әңгімелері жаныма жақын және Әлішер Рахат қазақ прозасының мықты бір өкіліне айналатын жігіт. Поэзияға келетін болсақ, осы уақытқа дейінгі ақындардың барлығын қалдырмай оқуға тырысамын, өзіме ұстаз тұтамын. Мысалы, Есенғали Раушанов, Есенқұл Жақыпбеков, Мейірхан Ақдәулетұлы, Ертай Ашықбаев сынды ағаларымыздан үлгі алып, ең бірінші өлеңге деген қадамды да аталған ақындарға еліктеуден бастағанмын. Бұдан бөлек француз ақындары қатты ұнайды.
Жақсылық СЕРІКБЕКҰЛЫ,
    Семей қаласы, 22 жаста:
—Қазіргі таңда қазақ поэзиясына тамшыдай болса да үлес қосып жүрген жайым бар. Шығармашылық ізденістен тұрады. Ізденіс деген әуелі оқумен, кітап беттерін, ұлылардың жазбаларын парақтаудан, зерделеуден басталады. Жаныма жақын тартып оқитын қаламгерлер – Мұхтар Мағауин, Дулат Исабеков, Думан Рамазан, Шерхан Мұртаза, Бексұлтан Нұржекеұлы, Қабдеш Жұмаділов. Аталған қаламгерлердің шығармалары – кез келген ақынның, кез келген жазушының, көркем ойлы оқырманның жүрегіне бойлай еніп, санасына ой салатын, түсінік-танымын кеңейтетін туындылардың иелері. Белгілі ақын Есенғали Раушановтың: «Кез келген ақын-жазушы өз шындығын емес, оқырман шындығын жазуы керек», — деген сөзі бар. Жоғарыда айтылған қаламгерлер – қоғам шындығын айна-қатесіз ашық жеткізе білген тұлғалар. Қазақ поэзиясынан Жұмекен Нәжімеденов, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Есенғали Раушанов, Светқали Нұржан, Жұматай Жақыпбаев, Әділ Ботпанов сынды қабырғалы ақындардың шығармаларын қайталап тұрамын.
Дәулет ЖАДЫРАСЫН,
    Қызылорда қаласының тумасы. Қазіргі таңда Қостанай қаласындағы Л.Толстой атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың қызметкері, 22 жаста:
—Арнайы бір таңдаған бағытым, жанрым жоқ. Көбіне әлеуметтік желіде онлайн түрде оқимын. Қазір электронды кітаптар қолжетімді болды ғой, соның арқасында әдеби-танымдық порталдарға жарияланған шығармаларды қалдырмай оқуға тырысамын. Өзім қатарлас замандастарымның туындыларын көп оқуға, олардың таным-түсінігін білуге құмартамын. Қазақ әдебиетінен ойып тұрып орынын алған ақын-жазушалардан Есенғали Раушанов пен Төлен Әбдіктің жазғандары қатты ұнайды. Қандай да бір кітапқа назарым түссе немесе арнайылап ұсынса, ұсынылған кітапты оқи беремін.
 
Бибіт НҰРМҰХАНОВ,
Жас тілші

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓