Тапшылық неден туындады?

Қазақстанда дизель бағасы соңғы екі апта ішінде 30 пайызға дейін қымбаттады. Бұған тапшылық әсер етіп отыр. Қазір жанармай құю бекеттерінде талон тұрмақ қолма-қол ақшаға да дизель отынын сатып алу мұңға айналды. Бұл мәселе Қостанай облысын да айналып өткен жоқ. Өңірде дизелдің де, автогаздың да жетіспеушілігі байқалуда. Осы мәселеге байланысты жергілікті сала мамандары БАҚ өкілдерімен брифинг өткізді. 
Елдегі дизель отыны бұған дейін 190-192 теңгеден сатылып келсе, енді оның литрінің құны 240-250 теңгеге дейін көтерілді. Оның өзі кез келген бекеттен табылмайды. Ал өңірде бағасы 65 теңгеден 98 теңге дейін артқан автогаз жанармай құю бекеттерінде тек талонмен сатылып жатыр. Оның әрі кетсе үш күнге жететін қоры қалған.
«Қазір сұйық газ әр өңірге жетіспеушілігіне қарай емес, электронды биржа арқылы үлестіріледі. Бұл «түймелі экономика» жүйесімен іске асады. Былайша айтқанда, сату науқаны басталған кезде қай өңір компьютер түймесін бірінші болып басса, тауардың басым бөлігін иеленуге мүмкіндігі бар. Ал үлгеріңкіремей қалғандар қалған-құтқанын місе тұтуға мәжбүр болады. Кейбір өңірлердегі тапшылықтың себебі осы», — дейді облыстағы газ желісі ұйымының өкілі Махаббат Жотаев.
Аталмыш «тетік басу жарысына» тамыз айында өтіпті. Мұның ақыры бейберекетке әкеліп, дау-шарлар туындаған. Алғашқы болып түйме басқандар газдың қажетті қорына қарық болып, Қостанай дымсыз қалған өңірлер қатарынан табылған. Бірақ облыстық Энергетика басқармасының, аймақ басшысының арқасында өңір газдың белгілі бір үлесіне қол жеткізіпті.
 Ал облыстық Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының өкілі бұл мәселе жергілікті жерде де реттеу мүмкін болмай отырғанын айтты.
«Біз өз құзыретіміз аясында қазіргі бағаға сәйкес қанша қор қалғанына мониторгинг жүргізудеміз. Аптасына екі рет қорытындысын шығарып отырмазы. Ия, шынымен де, жыл басындағы жағдаймен салыстырғанда, дизель литрінің бағасы қымбаттады. Жыл басында ол 190 теңгеден болса, қазір операторлар бөлшек сауда нарығында 235-234 теңгеден сатып жатыр»,- дейді басқарма басшысының орныбасары Аслан Жанысбаев.
Бір қызығы, жергілікті сала мамандарының айтуынша, бекеттердің көбі қаңсып тұрса да өңірде дизель отынының қоры жеткілікті көрінеді. Бірақ бағаның тұрақтанатынына кепілдік жоқ. Оны қалыпқа келтіру үшін министрлік экспортқа уақытша шектеу қоя ма, жоқ па – ол жағы да әзірге белгісіз.
Облыстық Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Дәурен Асқаров мәлімдегендей, сұйық газды өңірлерге бұрынғы тәртіппен, қажеттілігіне сай бөлу туралы министрлікке ұсыныс хат жолданғанын айтты. Бұл баға тұрақсыздығы мен қор ретсіздігі мәселелерін жоюға мүмкіндік ашуы бек мүмкін.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓