Зауыттың «екінші тынысы»

Арқалық қаласында қаржылық қиындыққа байланысты тұралап қалған тері өңдеу зауытының жұмысы қайта жанданып келеді. «Үміт» ЖШС-нің өндіріс қуаты артып, ішкі-сыртқы нарыққа өнімдерін шығаратын үміті пайда болды.
Зауыт 2000 жылы құрылған еді. Кәсіпорын тері илеу, оны өңдеу  және былғары өнімдерін шығаруды қолға алды. Алайда 2010-2019 жылдары айналымға қаржы болмауы салдарынан жұмысы тоқтап қалды. Жіктеп айтқанда, 2008 жылы серіктестік «ҚазАгроҚаржы» АҚ-на зауытты қаржыландыру туралы өтініш жазып, несие комитеті «Үміт» ЖШС-ін 182,4 млн теңге көлемінде қаржыландыру шешімін қабылдайды. Бірақ 2010 жылы доллар курсының өсуіне байланысты жобаға межелі көлемдегі қаржы түспеген. Кәсіпорын ол қаражаттың барлығын құрылғы сатып алуға жұмсайды да, айналымға ақша болмағандықтан, өндірісті тоқтатуға мәжбүр болады. 2019 жылы екі тарап қайтадан бейбіт келісімге келіп, несиені өтеудің жеңілдетілген кестесі құрылды. Бұл өндірістің тынысын кеңейтіп, қайта қалпына келтіруге жол ашқан.
«Қазіргі таңда кәсіпорында шикізаттан дайын былғарыға дейінгі толық өндіріс циклі қалыптасты. Жылына 48 мың шаршы метр былғары өнімі өндіріледі. Зауытта 42 жаңа жұмыс орны ашылды. Орташа жалақы – 130 мың теңге», — дейді «Үміт» ЖШС басшысы Еркін Салықов.
Зауыт қазақстандық «SAMHAT аяқ киім фабрикасы» ЖШС-ін өніммен қамту жөнінде келісімге отырған. Сондай-ақ, арқалықтық былғарылар Ресей, Уркаина және Өзбекстанға экспортталады.
Әрине, бүгіндері пандемияға байланысты қолбайлаулар бар. Атап айтқанда, шетелден химиялық өнімдер алдыру және зауытта шығарылған өнімдерді нарыққа шығаруда қиындықтар туындады. Сондай-ақ, «ҚазАгроҚаржы» АҚ алдындағы 118 млн теңге көлеміндегі несиелік борышын өтеу міндеті тұр. Осы сындар еңсерілсе, зауыт ісі оңға басарына сенім білдіреді серіктестік басшысы.
Айта кетейік, аймақ басшысы А.Мұхамбетов Арқалыққа іссапары барысында аталған кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен арнайы барып танысқан еді.
 
Суретті түсірген Бердіболат Көркембаев

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓