Велошеру – тағзым белгісі

"Ыбырайдың ізімен" веломарафоны Қостанайға жетті. Елордадан мәре алған әуесқой спортшылар артқа 750 шақырымды тастап келді. Мақсат – ұлы ағартушы туған топыраққа тағзым жасау.
Бұл шеруді олар Тәуелсіздік мерекесіне және Ы.Алтынсариннің 180 жылдық мерейтойына арнады. Велосипед тақымдаған бес таңдаулы марафоншы Нұр-Сұлтан – Қостанай қалаларының аралығын жалғауға алты күн жұмсады. Осы жолда олар Астрахан кентін, Атбасар ауданын, Жақсы, Октябрь ауылдарын, Әулиекөл ауданын басып өтіп, Қостанайға 28 тамыз күні табан тіреді. Облыс орталығында алғаш аялдаған нысандары – Ыбырайдың орталықта жаңадан ашылған ескерткіші. Ұлы ағартушы рухына тағзым жасап, мүсін түбіне гүл шоқтарын қойды. Кейін облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақовтың жүргізуімен баспасөз мәслихаты өткізілді. Әр марафоншыға сөз беріліп, сұрақтар қойылды. Бастамашылар мұның рухани маңызы басым екенін, материалдық мүдде көздемейтіндерін айтты.
"Мақсатымыз – той тойлау, көңіл көтеру емес, ой ойлау, елді, жерді тану, тарихымыздан тағылым, ғұламалар ізінен өнеге алу.  Велосипедке мініп алып, желдің өтінде, қара жолдың шетінде, күннің көзінде, құр бос далбалақтап жүру емес, ол кез келген адамның қолынан келеді. Педальді айналдыру қиын шаруа емес. Біздің көздегеніміз – велосипедпен жүру арқылы Ыбырайдың мерейтойына, көл-көсір мұрасына құрме көрсету. Ғұмырын ел мүддесі үшін сарп еткен ұлы ұстаздың мұраты, идеясы бүгінгі тәуелсіздігімізбен түптес. Осының бәрін көріп-біліп, жиып-түйіп, оны кеңінен насихаттаймыз, кейінгі ұрпаққа тағылым болу үшін бейнефильм түсіру жоспарда бар. Ағартушының туған жеріне есен-сау жеткенімізге қуаныштымыз. Қонақжайлықтарыңызға алғысымызды айтамыз", — деді жобаны ұйымдастырушы әрі қатысушы Ернат Мелісұлы.
Жалпы, бес марафоншының қай-қайсысы да тәжірибесіз емес. Мәселен, ең үлкені – 76 жастағы алматылық зейнеткер, ардагер ұстаз Түгелбек Қасымов осы уақытқа дейін 40 елді велосипедпен аралап шыққан. 2016 жылы "Атом қаруына жол жоқ!" деген ұранмен Жапонияға дейін барыпты. Тағы бір зейнеткер, елорданың 66 жастағы тұрғыны, ҚР Президентінің күзет қызметінің отставкадағы полковнигі Эрнст Баймұхамбетов те 2 жыл бұрын бүкіл қазақ даласын аралап, 7 мыңнан астам шақырым жүріп өткен. Оның қасында нұрсұлтандық тұрғын, ҰҚК запастағы подполковнигі, жерлесіміз, зейнеткер Қайрат Ырғызбаев болған. Екеуінің жолы осы марафонда қайта түйісті. Қазыбек Бекеев те зейнет жасындағы ерікті. Ол бұған дейін Петорпавл-Алматы бағытында 1800 шақырымды 104 сағатта жүріп өткен. Осы велошеруді ұйымдастырушы, ағылшын тілінің оқытушы-аудармашысы, 39 жастағы Ернат Мэлсұлы да соңғы жылдары үзіліссіз марафонға шығып жүр. Ол 2018 жылы 500 шақырымдық "Астана-Ақтоғай, 2019 жылы "Қарағанды-Жаңарқа", ал былтыр Абайдың 175 жылдығына арнап, "Нұр-Сұлтан-Жидебай" велошерулеріне бастамашы болған. Мінекей, осы команданы жинауға жерлесіміз Қайрат Ырғызбаевтың көп ықпалы тиіпті.
"Құрметті жерлестер сіздерді көргеніме қуаныштымын. Жылы қабылдауларыңызға рахмет. Біріншіден, ұлы мерейтойларға тағзым жасауды, екіншіден, салауатты өмір салтын насихат етуді көздедік. Көбі арамыздағы ақсақалдарымыздың осыншалық қашықтықты бағындырарына сенген жоқ. Бірақ үміт пен сенім ақталды. Әр аялдамада жолымыздан тосып алған қауым тәнті болды",- дейді Қайрат ағамыз.
Велошерушілер келесі күні Ыбырай Алтынсариннің облыстық мемориалдық мұражайына, ағартушы атындағы мектеп-интернатқа арнайы барып, мекемелердің ұжымдарымен, оқушылармен қызықты кездесу өткізді.  Ұлы ұстаздың ақшаңқан кесенесіне ат шалдырып, баба рухына дұға бағыштады.
Әуесқой спортшылар осы марафонның ойдағыша өтуіне қолдау көрсеткен Қостанай облысының велоқауымдастығына да алғыс айтты. Қауымдастық басшысы Бауыржан Тебеев бастап, жиырма шақты жігіт еріктілерді аймақ шекарасында күтіп алған болатын. Ернат Мелісұлы келер жылы, бұйырса, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай осындай тағы бір велошеру ұйымдастыруға ниетті.
 
Суреттерді түсірген Константин Вишниченко

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓