Қара жол қателікті кешірмейді

Қостанай облысындағы халықаралық маңызы бар Екатеринбург-Алматы тас жолында соңғы айда көлік апаты көбейген. Тәртіп сақшыларының айтуынша, бұған адами фактор ғана себеп. Қазіргі таңда оқыс оқиғалардың алдын алу амалдары жалғасуда.
Ресей Федерациясының шекарасына алып баратын аталмыш тас жолдың Алтынсарин және Сарыкөл аудандары аумағында соңғы айда 4 жол апаты болып, салдарынан 3 адам көз жұмған. Тағы екі адам ауыр жарақат алыпты.
Сараптама қорытындылары көрсеткендей, жол-көлік оқиғалары жүргізушілердің жылдамдық режмін сақтамауы, қарсы жолаққа шығып кету секілді ереже бұзушылықтар салдарынан туындаған. Асығыстық пен абайсыздық кесірінен орны толмас өкінішке ұрынған. Осы тас жол үстіндегі төтенше жағдайлардан кейін облыстық Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы қызметкерлері «ҚазАвтоЖол» ұйымы мамандарымен бірлесіп, М-36 автожол учаскесінде ақпараттық билбордтар орнатты.
«Қауіпсіздік белдігін тақ», «Балаңыздың қауіпсіздігін ұмытпаңыз», «Көлік жүргізгенде ішпе», «Жылдамдық тәртібін сақта» дейтін жазбалары бар билбордтар ілінді. Мұндағы мақсат – көлік жүргізушілер мен жолаушыларға қауіпсіздік ережелерін сақтауды ескерту, — дейді облыстық ПД Жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Виталий Цой. — Осындай билбордтарды Қостанай облысының жол апаты жиі болатын басқа да учаскелеріне орнату жоспарда бар. Бұған қоса, әлеуметтік жарнамалар арқылы да ықтимал жол апаты жағдайларының алдын алу белсенді жүргізілуде».
Тәртіп сақшылары  ақпараттық насихат жұмыстары қоғам ішінде кеңінен тарап, оқыс оқиғалардың кемуіне көп ықпалы тиеді деп үміттенеді. Бірақ, бастысы, темір тұлпар тізгініндегі әр азамат артық ескертусіз-ақ жол қауіпсіздігін жадында ұстауы керек. Жолды қысқартамын деп жылдамдықты асырып, өкінішке қарай, өмір жолы қысқарған жандардың тағдыры сабақ болуы тиіс. Өйткені, қара жол қателікті кешірмейді.
Суретті түсірген Бердіболат Көркембаев

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓