Өнерді өміріне серік еткен

Мырзағазы Бірмұқановтың есімі өңірімізге жақсы танымал. Белгілі домбырашы, ұстаз, ұлт-аспаптар ұжымын ұйымдастырушы жарты ғасыр уақыт өнерді өзіне серік етіп келеді.
Кейіпкеріміз 1961 жылы Жанкелдин ауданының бұрынғы Торғай кеңшары (қазіргі Шеген ауылы) Қосмағамбет қыстауында дүниеге келген. 1969-1979 жылдар аралығында Аманкелді орта мектебінде білім алған уақытта өнер жолын қатар алып жүрді. Бірінші сыныптан бастап мектепте домбырашылар ансамбліне қатысып, өнерін одан әрі шыңдады. Мектепті бітіргеннен кейін екінші тың «Тұлпар-79» шопандар бригадасында еңбек етеді. 5 айдан кейін әскер қатарында алынды. Азаматтық борышын өтеп келгеннен кейін Алматы облысы Қаскелең қаласындағы мәдени-ағарту училищесіне  оқуға түседі.
1985 жылы клуб меңгерушісі әрі ұлт-аспаптар ансамблінің жетекшісі мамандығын алып шықты. Өз туған ауылына оралып, клуб меңгерушісі және ансамбль жетекшісі болып еңбек етті. 1986-1989 жылдар аралығында Жанкелдин ауданының  Ы.Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебінде музыка пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеді. Сол уақытта «Балдырған», «Балауса», «Айгөлек», «Балбөбек» атты ансамбльдер құрды. Мұғалімдер арасынан «Қоңырау сазы» ансамблін құрды. Алпысқа жуық оқушыдан құралған домбырашылар оркестрі аудандық мектептер арасында өткен  шығармашылық байқауда бірінші орын алды.
1989 жылы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түскен ол студенттердің домбырашылар ансамблін басқарды. 1990 жылы институт жанынан құрылған оркестр кезекті «Халық» атағын қорғауда белсене атсалысты. Сонымен қатар студенттер арасында өткен  облыстық «Студенттер көктемі» атты байқауда оркестр, хор және триодан  бірінші дәрежелі  лауреат атағын алды.
1993 жылдан бастап Қамысты ауданы Краснооктябрь ауылында мәдениет сарайында меңгеруші болып жұмыс істеген Мырзағазы Бірмұқанов 1995 жылдан бастап Лисаков қаласында еңбек етіп келеді. Жас шаһардағы «Қыз сыны», «Жігіт сұлтаны», «Дала әуендері», «Айтыс», «Ұят болмасын», «Көңілді тапқырлар клубы», «Тамаша», «Жас дауыстар», «Алтын жұлдыз», «Екі жұлдыз», «Сыңғырлаған дауыстар», «Ер – елдің қорғаны», «Лисаков әуендері», «Жас толқын», «Дала аруы», «Аққу қыз, Қыран жігіт» қатарлы жиырма шақты жобаның авторы.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, Лисаков қаласының 50 жылдығы қарсаңында мәдениет саласының қызметкері, белгілі домбырашы, ұстаз Мырзағазы Бірмұқановтың 60 жасқа толған мерейтойына орай шығармашылық кеші өтті. Кездесу барсында көрермен қауым Мырзағазы Хасенұлының өмірбаянымен, шығармашылығымен кең танысты.
Осынау мерекелі мерейтой күні Мырзекеңді жан жүрегімен жарқылдай құттықтап келген еңбек жолындағы бір топ әріптестері Б.Майлин аудандық Е.Өмірзақов атындағы мәдениет үйінің қызметкері Марат Шоңғалов, Лисаков қалалық балалар музыка мектебінің ұстазы Қайырбек Ерғалиевтер кеш иесіне қатысты жылы лебіздерін білдіріп, оның азаматтық тұлғасы туралы сыр шертті.
Отбасылық ансамбль ерлі-зайыпты Мырғазазы, Айгүл Бірмұқановтармен бірге қыздары Анора, Айнұр және жиендері Алхамқайыр Бекзат, Самиралар Ә.Желдібевтің «Ерке сылқым» күйін орындап, көпшілікті күй әуенімен сусындатты.
    Лисаков қаласы.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓