Термемен тыңдарманын тебіренткен

"Шаңырақ" ұлттық өнер орталығы дәстүрлі өнерді дәріптеп жүрген өңір өнерпаздарымен бейнесұқбат өткізіп жатыр. Жобаның бүгінгі қонағы  әнші, термеші, Алтынсарин ауданының халықтық "Мұрагер" қазақ ұлт аспаптары ансамблінің солисі Торғын Қабдрашева болды. "Әуен-сыр" аталған кездесуде ерек дарын иесі шығармашылығы мен мәдениет саласындағы қызметі туралы әңгімелеп берді.
Торғай өңірінің тумасы Торғын Серкешқызы жастайынан ән өнеріне жақын болғанымен, үлкен сахнаға шыққанына аса көп уақыт өтпеген. Әр кезде ән айтып жүргенімен, 2008 жылдан бастап қана қара домбырасын қолына алып, термеге, дәстүрлі әнге ден қойыпты. Оған дейін, әйел затының әуелгі міндеті – отбасы-ошақ қасы мен бала тәрбиесіне көп көңіл бөлген. Оның үстіне, жұбайы Біржан Жүзбай да өңірге белгілі өнерпаз болғандықтан, "бір үйден бір адам жарайды" деп, шаңырақ иесімен қатарласып шығармашылыққа бет бұрып кетуді де жөн санамағанын айтады. Дегенмен, қазіргі уақытта ерлі-зайыпты әншілер ел ішінде тыңдармандар ықыласына бөленіп жүр.
"Термені ең бірінші рет Қостанай ауданының Октябрь ауданының мәдениет үйінің сахнасында фестивальге іріктеу кезінде орындағаным есімде. Орыстілді ағайыны басым ауыл болғандықтан, Бірекең маған "домбыра тарта аласың ғой" деп қолқа салып, ел алдына шығарды. Сонда алғаш орындаған термем Нұртуғанның "Қанекей, тілім, сөйлеші" туындысы болды. Мұнымен облыстық гала-концертке өтіп, содан кейін қолымнан домбыра түспей келеді", — дейді Торғын Қабдрашева.
Сол уақыттан бері ізденісін тоқтатпай, ән қоржынын толықтырумен келеді. Аудандық, облыстық термешілер байқауларына қалмай қатысады. Жетістіктері де аз емес. Мәселен, 2018 жылы Домбыра күніне орай өткізілген термешілер додасында бас жүлде иеленген. Ол бақ сынаған аймақтық байқаудың көбінен жүлдесіз қайтпаған, үнемі үздік үштіктің қатарынан көрінумен келеді. "Мен қазақпын" мегажобасының облыстық кезеңінде де керемет өнер көзге түскен еді. Биыл Уфа қаласында өткен халықаралық ансамбльдер фестивалінде Торғын Серкешқызы өнер көрсететін "Мұрагер" ұжымы бас жүлдені жеңіп алған болатын. Ансамбльдің солисі ретінде жекелей Алғыс хатпен марапатталыпты.
Өнерпаз қазіргі уақытта Алтынсарин аудандық Мәдениет үйінің мәдениет ұйымдастырушысы болып қызмет етуде. Сондай-ақ, аудандық Балалар шығармашылығы үйінде қолөнерден сабақ береді. Екі қызмет орнында да шәкірт тәрбиелеп келеді.
"Қазіргі интернет заманында балаларды өнерге тарту қиындап барады. Өз ықыласымен қолына домбыра ұстайтын жеткіншектер мейлінше аз. Дегенмен де ансамбліміздің жетекшісі бірнеше балаға домбыра үйретіп жатыр. Соның ішінде екі оқушыны өзіме алып, терме өнеріне ақырындап тәрбиелеп жүрмін. Тағы бір бала қол астыма жазылды. Термеге үйрету оңай емес. Мәселен, қазіргі уақытта Алтынбек Қоразбаевтың "Кеш жарық" әнін жаттатқыздым. Үш дауыста орындап шықты. Бастама жаман емес", — дейді термеші.
Ерлі-зайыптының балалары да өнерге жақын. Тұңғыштары Рысжан Біржанқызы үлкен сахналарда ән салып жүр. Қазіргі таңда Қарабалық аудандық Мәдениет үйінде қызмет етеді әрі балдырғандарды әнге баулиды. Одан кейінгі балалары Ержан ақындығымен танылып келеді. Өз бетімен домбыра үйреніп алған ол, аймақтық айтыстарға қатысып, тамаша өнер көрсетіп жүр. "Текте бар теппей тұрмайды" деген осы болар…Кездесу соңында Толқын Қабдрашеваға облыстық Көркемөнерпаздардың халық шығармашылығы мен кинобейнеқор орталығының директоры Дәмер Қалқаев ықылас гүлі мен алғыс хат тапсырды.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓