Сабырлы болуды қалай үйренеміз?

Таяуда ойда жоқта бір қолайсыз сәттің куәсі болдым. Үлкен бір компанияның білдей бір басшысына жолығып қалдым. Бұрын жайдары жүретін жігіт ағасы қап-қара болып түтігіп кетіпті. Мәнісін сұрағым да келмеді, бірақ ол өздігінен лақ етіп айтып салды. Сөйтсем, бір кездері қол астында істеп, мұны алдап, шығынға ұшыратқан адамды кездестіріп, ит терісін басына қаптап әбден ұрсыпты. Одан қалды "сотқа беріп, сазайын тартқызам" деп кіжінді. "Кешіре салмайсыз ба, біраз уақыт өткен екен?!" деп ем, одан бетер екіленді. Әлеуметтік желілерге қарасам, кісіден өш алу, өшігу, сазайын тарқызу секілді райдағы жазбаларды жиі ұшыратамын. Неге осы біз шектен тыс қатал да қатігез болып барамыз?!
Таяуда ғана мен мынандай бір жазбаны оқыдым. Авторы – Нельсон Мандела. Оңтүстік Африка Республикасының тарихындағы тұңғыш қара түсті президенті. 27 жыл түрмеде отырып, 71 жасында азаттық алған. Сол жазады:
"Мен президент болғаннан соң бірде оққағарларыма қалада серуендеп қайтайық дедім. Саяхаттан кейін мейрамханадан ас ішуді ұйғардық. Орталық мейрамханалардың бірі екен, даяшы әрқайсымыздан қандай тамақ ішетінімізді сұрады. Шамалыдан кейін ас әкеле бастады. Біздің столымызға қарама-қарсы столда бір еркек жалғыз отырды. Ол тапсырыстың кезегін күтуде. Мен сарбаздарымның біріне: "Ана еркекті біздің столға шақырып кел, бірге тамақтанайық", – дедім. Ол шақыруды қабыл алып, алдындағы тәрелкесімен менің қасыма келіп отырды. Тамақ әкелініп, ішкен кезде оның қолдары үнемі дірілдеп-қалтырады. Ол асты бас көтерместен ішті. Біз тамақтанып болып тұрғанымызда, ол маған қарамастан қолын бұлғады. Мен оның қолын қысып, қоштастым.
 Сарбаз маған:
– Мына кісі қатты науқас болу керек. Тамақ ішіп біткенше қолы дірілдеумен болды, – деді.
– Тіпті олай емес. Себебі мүлдем басқада, – дегенімде қасымдағылар маған таңдана қарасты. Мен:
– Бұл адам мен отырған түрменің қарауылы болатын. Мені түрмеде азаптап, қинаған сайын, мен айқайлап, су сұрайтынмын. Ол сол кезде маған келіп, мазақтап күліп, судың орнына менің басыма зәрін шаптырып, қорлайтын. Ол ауру емес, сау. Мені көріп қатты қорықты. Мен Оңтүстік Африка президентімін, оны дереу түрмеге қамап, өз істегенін өзіне істеп, қинап, қорлайтын шығар деп зәресі ұшты. Ондай қылық менің әдебімде де, әдетімде де жоқ. Кекті көксейтіндер мемлекетті күйретеді, ал келісімді іздегендер ұлтты құрайды. Әр нәрсеге сабырлылықпен қарап үйрену керек қой", – депті. (Нельсон Мандела "Chicali Wall")
 Салиқалы, сабырлы болуды қалай үйренеміз, кім айтады?

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓